Қуыршақ театрларының «Рязань көрінісі» ХХ Халықаралық фестивалі

2025 жылғы 12-18 қыркүйек аралығында Рязань қаласында қуыршақ театрларының «Рязань көрінісі» ХХ халықаралық фестивалі өтті.

Фестивальдің бағдарламасына барлығы 55 қойылым енгізілді, оларды 9 560 көрермен тамашалады. Ұйымдастыру комитетіне Ресейдің 120 театры мен шетелдік 35 ұжымнан өтінімдер түсті. Нәтижесінде афишаға 11 ресейлік театр және 12 шетелдік театр енгізілді. 

Фестивальдің іскерлік бағдарламасына UNIMA ұйымының 10 елден келген ұлттық орталықтарының президенттері және 70-тен астам қуыршақ театрының директорлары қатысты. Кездесулер барысында UNIMA Ұлттық орталықтары, театрлар, фестивальдер мен БРИКС альянсы арасында достық және ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. 

Аталған фестиваль биыл Шығыс мәдениетіне арналды. Қала сахналарында ұсынылған елуге жуық қойылым көрермендерді шығыс халықтарының ертегілері мен аңыздарының атмосферасына енгізді.

Солтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры фестивальге режиссёр Б. Ходыревтың қойылымындағы «Благодарный журавль» спектаклімен қатысты. Музыкамен және өнегелі тәлімдермен үйлесімді өрілген бұл қойылымды көрермендер мен қатысушылар жылы қабылдады. Спектакль махаббат пен опасыздық туралы әсерлі оқиғаны жеткізе алды. 

Фестивальдің барлық қатысушылары мен серіктестері Ресей Федерациясының еңбек сіңірген суретшісі Михаил Шелковенко жасаған есімді диплом — гравюралармен, сондай-ақ Рязань қуыршақ театрының суретші — қоюшысы Лариса Микина —Прободяктың авторлық эскиздері бойынша қолмен боялған қола сыйлықтармен марапатталды. 

Солтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театрының ұжымы фестиваль ұйымдастырушыларына жылы қабылдауы, қонақжайлығы және әріптестердің еңбегіне деген құрметі үшін шынайы алғыс білдіреді.


 

26.09.2025
Қаралым саны: 109